УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

20 ЖЫЛДЫҚҚА ЖИНАЛҒАН ТҮЛЕКТЕР БІР ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Мектеп қоңырауының сыңғыры әлі күнге дейін құлақта. Одан бері – 20 жыл. Уақыт жүйрік, бірақ ортақ мақсатқа жұмылған ниет одан да жүйрік екен. Сауран ауданындағы Абдулла Үсенов атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері биылғы мерейтойларын дүркіреткен тоймен емес, жүрекке жылу ұялатар игі іспен атап өтті. Олар ауылдағы мұқтаж отбасыға баспана сыйлады.

Түлектердің «Дастархан басындағы жиынмен шектелмей, туған жердің топырағына қарызымызды қайтарсақ» деген азаматтық ұстанымы – осы бір сауапты іске жетеледі. Мұқтаж отбасыға баспана сыйлау – жай ғана материалдық көмек емес, бұл – адамгершіліктің ең жоғары биігі.

Ауыл ақсақалдары да, ұстаздар қауымы да бұл бастаманы жоғары бағалады. Бұл – бүгінгі қоғамға ауадай қажет игілік. Түлектердің бұл қадамы республика бойынша дәстүрге айналып келе жатқан «елге тарту» акциясының жарқын көрінісі.

Ал Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауылының түлектері болса, шығармашылыққа ден қойыпты. Олар туған ауылдарының көркін кіргізу үшін… Эйфель мұнарасын орнатты! Иә, қателескен жоқсыз. Париждің символы енді Жалпақталдың төрінде бой көтерді

Айта кетейік, бүгінде еліміздің әр өңірінде мектеп түлектері әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп, ауылдарға көмектесуді дәстүрге айналдырып келеді. Ал Абдулла Үсенов мектебінің 2006 жылғы түлектері жасаған бұл игі іс көпке үлгі болары анық.