УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮЛЕКТЕРДЕН ТАРТУ: ТҮЛКІБАСТА ТАҒЫ БІР ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түлкібастық  Салтанат Тұрсынбай баспаналы болды.  Қуанышын бөлісуге келгендердің қатары тым көп. Бұл күнді ұзақ күткенін жасырмайды. Үш баланы жалғыз асырап отырған анаға түлектер тарту жасаған. Енді ауданның қақ ортасында өз үйінде тұратынына қуанышты. Төбесін көкке жеткізген 2006 жылғы түлектерге алғысы шексіз.

Тұрар Рысқұлов ауылында төрт мектеп бар. Түлектер қауымдастығы құрылып, жыл сайын бір отбасын қуантуды дәстүрге айналдырған. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толғандары тағы жиналып, қайрымды істі жалғаған. Бұл – түлектер тарту еткен тоғызыншы баспана.

Түлектердің туған жерге жасаған жақсылығы көпке үлгі. Сондықтан болар, ауылдың ақсақалдары өз баталарын беріп жатты. Баспана кілтін сыйлағандар ұлан-асар қоныс тойын жасап та берді. Үйдің ішін жиһазға толтырып,  сыртын  гүлмен көмкеріп қойған. Сәні мен салтанаты жарасқан эстафетаны  кейінгі толқынға табыс етті.