УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІН ШЫҒАРЫП САЛДЫ

25-мамыр. Бұл – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірдің есігін ашатын сәт. Биыл Түркістандағы №33 жалпы білім беретін мектеп үшін бұл күн екі есе ерекше. Себебі, бұл – аталған білім ошағының алғашқы түлектері ұядан ұшып жатқан тарихи кезең!Сап түзеген түлектердің толқынысы ерекше. Олар бұл күнге ұзақ дайындалды.

Мерекелік жиынға арнайы ат басын бұрған Түркістан облысының әкімі ұстаздар қауымын ерекше құрметтеді. «Шәкірт тәрбиелеу – ең үлкен парыз» деген ұстаныммен, өз өмірін білімге арнаған ұлағатты ұстаздарға алғыс хаттар табысталды.

Өңір басшысы оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап жас түлектерге ақ жол тіледі.

Соңғы қоңырау іс шарасында түркістандық түлектер “Ақ бантик” әнін орындады. Айта кетсек биыл Мұхтар Шахановтың бұл әні жас түлектердің ұранына айналғандай

Бүгін облыс бойынша 500 мыңнан астам оқушы оқу жылын сәтті аяқтаса, 35 мыңнан астам түлек үшін соңғы қоңырау соғылды.

Сағынышқа толы сәт. Салтанатты шара аясында Мектеп президенті символикалық кілтті кейінгі толқынға табыстады. Бұл – жауапкершіліктің жалғасы. Мектеп түлектері дәстүр бойынша соңғы вальс те биледі.

«Түлек-2026» лентасы – кешегі оқушының бүгінгі жас маманға, ертеңгі ел тірегіне айналатынының белгісі. Осы ерекше сәтте Түркістан облысының әкімі мектептің алғашқы түлектерінің, ленталарына өз жүрекжарды тілегін жазып берді.

Алтын ұя мектеппен қоштасу – өмірдегі ең әсерлі кезеңдердің бірі. Қоңыраудың сыңғыры әлі талай жыл түлектердің есінде жаңғырып тұрары сөзсіз. Қимастық пен қуанышқа толы бұл күн – №33 мектептің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.