Күнделікті қызметте костюм-шалбар киіп, құжаттармен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер бүгін спорттық киім киіп, алаңда бақ сынауда. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиаданың бүгін екінші күні. Шағын футболдан бастап киберспортқа дейінгі түрлі сайыс түрлеріне өңірдің түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық қызметкер қатысуда. Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, әр спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Созақ ауданынан келген команда баскетболдан көш бастап, алдыңғы орыннан көрініп отыр. Команда мүшелерінің айтуынша, басты мақсат — жеңіс емес, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Биыл баскетбол жарысына әдеттегіден көп команда қатысуда. Атап айтқанда, 18 ерлер және 9 әйелдер командасынан құралған мемлекеттік қызметкерлер бұл спорт түріне қызығушылықтың артқанын көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қызметтен бір сәт сергіп, ойды жинақтап, денені шынықтыруға мүмкіндік беретін бұл жарыс дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Ал жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар ел біріншілігіне жолдама алады.
