УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

САУРАН АУДАНЫНДА СУ ШАЙЫП КЕТКЕН КӨПІР ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Сауран ауданында су шайып кеткен көпір жаңартылады. Бұл туралы Абай ауылының тұрғындарымен кездескен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Өңір басшысы су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстарды пысықтады. Бұған дейін толассыз жауған жауыннан Жаңақорған өзеніндегі шағын көпірге зақым келген болатын. Дегенмен өзен арнасының жан-жағы қазылып, уақытша өткел ұйымдастырылды. Осылайша, елді мекенде су тасқынына жол берілмеді.
Өңір басшысы облыста су тасқынының алдын алу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп, аудан, қалаларға жаңа техникалар алынғанын жеткізді. Ал су шайған көпір бүгін-ертең жөнделмейтінін ашық айтты.

Абай ауылының тұрғындары су тасқынына қарсы жұмысты жедел үйлестірген басшыларға, ел азаматтарына ризашылықтарын білдірді. Елді мекенде жаңа мектеп бой көтеріп жатқанын, бұл ауылды дамытуға серпін беретінін атап өтті. Сонымен бірге туризмді дамыту, көпірді реттеу жөніндегі ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Айта кетейік, Сауран ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайдың алдын алу және ықтимал қауіптердің алдын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Аудандағы жағдай тұрақты.