УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНАДЫ: ӨҢІР БАСШЫСЫ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму бағытында жұмыстар жалғасуда. Өңірде заманауи өндіріс орындарын ашу, шикізатты терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті Инвестициялық штаб отырысында жаңа зауыттардың іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты. Күн тәртібінде инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және бастамашы жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру мәселелері қаралды. Облыс әкімі әр инвестормен жеке тілдесіп, жобалардың қазіргі жағдайын және туындаған өзекті мәселелерін тыңдады. Инфрақұрылым тарту, жер телімдерін рәсімдеу, инженерлік желілерге қосылу, логистика және мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша нақты тапсырмалар берілді. Инвестициялық штаб отырысында биыл жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жобалардың барысы қаралды. Атап айтқанда, Сауран ауданында арматура өндіру жобасы іске асырылуда. Бұл құрылыс саласына қажетті өнімді өңірдің өзінде өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағам қалдықтарын ұсақтағыштарды өндіруді локализациялау жобасы жүзеге асуда. Әкім жобаның өндірістік қуатын кеңейту бойынша кеңес беріп, мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылатынын жеткізді.