Түркістан облысында жұмыспен қамту көрсеткіші артты. Өңірде өндіріс орындарын ашу және тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар нәтижесін беріп отыр. 2025 жылдың қорытындысымен облыста 147 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, меже артығымен орындалды. Оның ішінде 100 мыңнан астамы тұрақты, қалғаны уақытша жұмыс орындары. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді.
Салаға жауапты басқарманың мәліметінше, жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүргізілген. Ұлттық және инвестициялық жобалар аясында, сондай-ақ «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы арқылы мыңдаған адам еңбекке тартылған.
Ал 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, облыста 74 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Тұрғындар инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік салаларына бағытталады.
