УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

АГРОТЕХНОЛОГИЯ НАРЫҒЫНДАҒЫ ҮЗДІК КОМПАНИЯ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫН ЖАҢАРТУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

Ауыл шаруашылығы –Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда біздің өңір Қазақстанда аграрлық өнім шығарудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. Өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жаңарту мәселесі – маңызды. Сондықтан болар, өңір басшысы «Eurasia Group AG» компаниясының өкілдерімен кездесті. «Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін қазақстандық компания. 2002 жылы құрылған компанияның 500-ге жуық қызметкері бар. Компания ауыл шаруашылығы техникасын және бірегей қосалқы бөлшектерді көтерме жеткізуді жүзеге асырады. Сондай-ақ егіншілік саласындағы цифрлық шешімдерді ұсынады. Компанияның Қазақстанда 14 өкілдігі бар. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы техникалары, оларға сервистік қызмет көрсету жайы талқыланды. Облыс басшысы жаңа бастамаларға ашық екенін айтып, жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететінін жеткізді.