Түркістан облысында тағы бір ірі өндіріс орны жұмысын бастады. Жылына 30 мың қазандық шығаруға қауқарлы «TURAN SHENHUA»газ қондырғыларын өндіретін жаңа зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.
Өндіріс жобасы 2024 жылы басталып, қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асқан. Кәсіпорын жылына 30 мыңға дейін газ қазандығын өндіруге қауқарлы. Оның 50%-ы экспортқа бағытталады, қалғаны ішкі нарықты қамтамасыз етуге жұмсалады. Зауыт 18 кВт-тан 50 кВт-қа дейінгі қазандықтарды шығарады. Сұраныс артып, сатылым көлемі ұлғайса, зауыт екінші техникалық желіні қосып, өндірістік қуатты арттыруды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы құны шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды. Қаражат жаңа өндірістік ғимараттарды салуға, заманауи жабдық сатып алуға және өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде өңір бюджетіне жыл сайын 136,7 млн теңге салық түседі деп күтілуде. Сонымен қатар, зауытта 70 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды, бұл өңірдегі жұмыспен қамту мен кадр әлеуетін дамытуға серпін береді.
