УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ШЕТЕЛДІК КӘСІПКЕРЛЕР ӨҢІРДЕГІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Түркістанда өткен инвестициялық-туризм халықаралық форумы нәтижесін берді. Шетелдік компания басшылары өңірдегі инвестициялық ахуалды жоғары бағалады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форум аясында шетелдік инвесторлармен ресми кездесу өткізді. Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті мен ұсынылатын мүмкіндіктері туралы тереңінен баяндады. Облыс әкімі 20-дан астам инвестор және компания басшыларымен келіссөз жүргізді. Олардың да, ұсыныстарын тыңдады.
G2В (джи тью би) форматындағы кездесуде Қытайдың бірнеше провинциясының басшылығы мен делегациясы, инвесторлары ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс салалары бойынша ұсыныстарын айтты. Енді ұсынылған Әр жоба зерделеніп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейту жұмысына басымдық берілген. Жалпы өңірде алдағы үш жылда 100-ден астам инвестжоба пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген.