Мегаполистегі «Көл» қоғамдық орнының аумағында заманауи музыкалы-лазерлі субұрқақ салтанатты түрде ашылды. Қарқынды дамудың символындай болған жаңа нысан қаланың көркін одан әрі аша түсті. Бұл – Шымкенттегі лазерлік, жарық және отты шоуды біріктірген алғашқы кешенді құрылым. Субұрқақтағы жарық, әуен мен отты көріністі үйлестіретін заманауи жүйе кешкі және түнгі мезгілде әсерлі көрінеді. Инновациялық технологиялар орнатылған субұрқақ қалыпты ырғақтағы музыкалық композицияларды да, лазер сәулелі жарқын динамалық шоуларды да орындай алады. Техникалық элементтің барлығы тапсырыспен шетелде әзірленген. Монтаждау барысында энерготиімді шешімдер мен заманауи автоматты басқару жүйелері қолданылды, нәтижесі субұрқақтың жұмысын оңтайландырып, күтіп-ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Субұрқақтар маусымы ресми түрде аяқталғанымен, қала тұрғындары мен қонақтары бірегей қойылымды тамашалауы үшін нысан алдағы жылы күндері жұмыс істейді. Одан кейін қысқы сақтауға қойылып, келесі жылдың көктемінде қайта ашылады.
