Жалғастырамыз. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның Өзбекстанға жұмыс сапары Хиуа қаласында жалғасты. Хорезм облысында өткен келіссөздерден кейін делегация Хиуа қаласындағы Ичан-Қала тарихи кешені мен Нуриллабой сарайын аралады. Ичан-Қала – ЮНЕСКО тізіміне енген, 26 гектар аумақта орналасқан ежелгі орталық. Онда ондаған сәулет ескерткіштері – медресе, мешіт, сарайлар мен мұнаралар бар. Өңір басшысы тарихи мұраларды сақтау тәжірибесін зерттеп, Түркістанның да осындай әлеуетке ие екенін атап өтті. Нуриллабой сарайында делегация Хиуа хандарының резиденциясымен танысты. Мұнда шығыстық өрнектер мен еуропалық стиль үйлесім тапқан. Кездесу барысында тараптар мәдени, тарихи және туристік ынтымақтастықты дамыту, ескерткіштерді сақтау мен цифрландыру бағытында бірлескен жобаларды талқылады. Сапар соңында Нұралхан Көшеров қабылдаушы тарапқа алғыс айтып, Түркістан мен Хиуа арасындағы тарихи және мәдени байланыстар нығая түсетініне сенім білдірді.
