Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Мақсат – Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасында туризмді дамыту бойынша келіссөз жүргізу, әріптестік орнату және тәжірибе алмасу. Алдымен Нұралхан Көшеров Ташкентте Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесіп, әріптестікті нығайту жолдарын талқылады. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімдігі Түркістан мен Өзбекстанның қалалары арасында жаңа тікелей әуе рейстерін ашуды қолдауға дайын. Соның ішінде Түркістан – Үргеніш – Түркістан бағытын іске қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Илхом Махкамов Өзбекстан үшін Қазақстанның маңызы жоғары екенін айта келе, ұсыныстар назарға алынып, әріптестікті нығайту жұмыстары жанданатынын жеткізді. Кездесуде Түркістан облысының әкімі екі ел арасында жаңа әуе рейстерін ашу, туристерге арналған көлік бағыттарын үйлестіру, туризм саласында бірыңғай логистикалық кеңістік құру бастамаларын көтерді. Қос тарап көлік және туризм салаларында байланысты тереңдетіп, әріптестік орнату жөнінде келісімге келді.
Айта кетейік, Түркістан облысының делегациясы Өзбекстанның Ташкент, Самарқан, Үргеніш қалаларында келіссөз жүргізеді деп жоспарланған.
