24 қазан – Кітапханашылар күні. Мереке аясында сала мамандары төрге шықты. Шымкентте кәсіби мереке кең көлемде тойланды. Қалалық кітапхана қызметкерлерінің басын қосқан салтанатты жиын рухани құндылық пен мәдени мұраның қадірін айқындай түсті. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы кітапханашылардың орнын дәріптеу, олардың еңбегін құрметтеу және шығармашылық ынтымақтастықты нығайту болды.
Мерекелік жиында көрермен назарына тақырыптық көрмелер, кітапханашылар шеруі мен әдеби-композициялық қойылымдар ұсынылды. Дайындалған әр жоба кітапхана саласының көпқырлы келбетін ел назарына паш етті. Салтанатты шараға «AMANAT» партиясының қалалық филиалының өкілдері, кітапхана саласының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
Мереке аясында кәсіби шеберлігімен көзге түскен үздік кітапханашыларға Шымкент қаласы әкімдігі, «AMANAT» партиясы және Мәдениет басқармасы тарапынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалы да бірқатар маманды марапаттады.
Бұл мереке – кітап пен білімнің шамшырағы саналатын кітапханашыларға көрсетілген құрметтің айғағы. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
