Биыл – Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл. Мәдениет пен руханияттың ордасына айналған қасиетті шаңырақтың меретойына арнайы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Өңір басшысы театр ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.
Театр әртістері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарларға жиі шығады. Жаңа автобус – әртістер мен техникалық құрамның жол жүруін айтарлықтай жеңілдетіп, сахналық костюмдер мен реквизиттерді, декорацияларды тасымалдауға да мүмкіндік береді.
Айта кетсек, театр 2000 жылдың 9-наурызында ашылды. Театрдың негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық артисі, режиссер, ұстаз Райымбек Сейтметов болды. Театр әзірбайжан драматургі Б.Вахапзаденің «Көк Түріктер» қойылымымен алғашқы шымылдығын ашты.
25 жылдан бері театр ұжымы елімізбен қатар, Түркия, Тәжікстан, Румыния, Оман, Ресей сынды шет мемлекеттерде гастрольдік сапарлар мен фестивальдерге қатысып, қазақ театр өнерін әлем сахналарында паш етіп жүр. 2017 жылы театрға Райымбек Сейтметовтің есімі ресми түрде берілді. Театр ұжымы ТҮРКСОЙ мен республикалық ауқымдағы бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері атанды. Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен 2023 жылы тұңғыш рет «RAIYMBEK FEST» республикалық театр фестивалі ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті
