Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 2024–2025 оқу жылын табысты қорытындылады. Жоғарғв оқу орны білім, ғылым және халықаралық ынтымақтастық салаларында жаңа жетістіктерге жетті. Бұл туралы оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова университет ұжымы мен қоғам алдында өткен есеп беру жиынында баяндады.
«2024–2025 оқу жылында Ахмет Ясауи университеті ұлттық және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтып, жетекші жоғары оқу орындарының қатарынан көрінді. Asia University Rankings тізімінде 193-орында орналасқан. Сондай-ақ, Орталық Азия университеттері арасында 9-орынға тұрақтады.
Осындай көрсеткіштердің жемісі болар, биылғы оқу жылында Халықаралық қазақ-түрік университетін таңдап, оқуға түскен студенттердің де саны артқан. 2025–2026 оқу жылына бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша 2874 студент қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық.
Бүгінде оқу орны 175 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлап жатыр.
2025 жылғы университет үшін маңызды шешімдердің бірі – жаңа факультеттердің ашылуы. Конституцияның 30 жылдығына орай «Заң» факультеті қайта құрылса, ал шығармашылық бағытты дамыту мақсатында «Өнер, медиа және дизайн» факультеті ашылды.
Өткен оқу жылында университет үшін тағы бір атап айтарлық жаңалық – түлектер бастамасымен «Ясауи Эндаументі» қоғамдық қоры құрылып, білім алушыларды қолдау мен қайырымдылық мәдениетін дамыту ісі жолға қойылды. Ғылыми базаны жаңарту мақсатында 2024 жылы университетте 8 жаңа зертхана ашылды.
2025 жылы университет базасында Big Data және Медициналық биоинформатика зертханасын іске қосу жоспарланып отыр.
Университет ғалымдары есепті кезең ішінде ауқымды халықаралық жобаны да жеңіп алды. Ахмет Ясауи университеті – Түркі әлемінде айшықты орны бар халықаралық білім ордасы. Осы мәртебесіне сай, оқу орнында үздіксіз ғылыми шаралар ұйымдастырылып, жобалар жүзеге асырылады. Нәтижесінде, есептік кезеңде университет қабырғасында 18 халықаралық конференция, 13 республикалық конгресс, 125 ғылыми семинар және 40 дөңгелек үстел өткен. Олардың қатарында: «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты II халықаралық симпозиум, Махмұд Қашқари еңбегінің 950 жылдығына арналған «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесі және т.б. ауқымды шаралар бар.
Мәдениет, спорт және тәрбие саласы – серпінді даму үстінде
2024–2025 оқу жылында Ахмет Ясауи университетінде студенттердің әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында кең көлемді іс-шаралар жүзеге асты. Рухани-адамгершілік, ұлттық-патриоттық, экологиялық және құқықтық тәрбиеге арналған 70-тен астам іс-шара өтті. Мәдени өмір ерекше серпін алып, студенттердің қатысуымен концерттер, көрмелер және театрландырылған қойылымдар сахналанды.
Спорт саласында университет жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен оқу жылында Әлем, Азия чемпионаттары және халықаралық, республикалық жарыстарда университеттің 200-ден астам спортшысы жеңіс тұғырынан көрінген. Ал Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының XVI жазғы Универсиадасы-2025 жарыстарында Халықаралық қазақ-түрік университетінің спортшы жастары топ жарып, командалық есепте жеңімпаз атанды.
Студенттерді әлеуметтік қолдау мәселелері де әрдайым басты назарда. 2024-2025 оқу жылына тұлжетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен 45 талапкерге Түркия квотасы берілді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 21 студен жатақхана тегін орналастырылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдау қажет студенттерге 2 мезгіл тамақ тегін берілді.
2024–2025 оқу жылында оқу ғимараттары мен жатақханаларды жөндеуге 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. №5 жатақхана мен студенттік асхана толық жаңғыртылып, университетке еңбегі сінген тұлғалар атына аудиториялар мен жаңа зертханалық кабинеттер ашылды. Біршама лекция залдар жөндеуден өтіп, жаңа материалдық-техникалық базасы толықтырылды.
Кампус аумағы абаттандырылып, бірнеше жаңа аллеялар ашылды. Сондай-ақ, 360 жаңа моноблок компьютер мен 46 млн теңге көлеміндегі медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл жұмыстар оқу процесін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, студенттер мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталды.
Ынтымақтастық және халықаралық мүмкіндіктер
Университет 2024 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен, Конституциялық Сотпен, Ташкент мемлекеттік транспорт университетімен, сондай-ақ ТҮРКСОЙ және TİKA ұйымдарымен меморандумдарға қол қойды.
