УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмысы бақылауда. Бүгінде өңірде жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамына 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандық кіреді. Жылу нысандарында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық жүргізіліпті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлім болды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әрбір әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылумен қамтылуын, отын қорының жеткілікті болуын, жылыту жүйелерінің ақаусыз жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Кентау қаласында 2024-2025 жылдары басталған 6 қазандықты техникалық бөлігінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 14,5 шақырым болатын магистральды жылу желілерінің 950 метрін қайта құру жұмыстары жоспарланып, 1 шақырым желіге құрылыс-монтаждау жұмыстары артығымен орындалды.
Ал Созақ ауданының Қыземшек кентінде резервтік №6 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталса, №2, №3 және №4 қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қыземшек, Таукент кенттерінде 4,7 шақырымдық жылу құбырлары ауыстырылып, жұмыстар 100% орындалды.
Айта кетейік, бүгінде жылыту маусымы Түлкібас ауданында басталды. Қалған аудан, қалаларда жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады деп жоспарлануда.