Түркістан облысында жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге басымдық берілген. Облыс әкімдігінде осы салаға қатысты түйткілдер кезекті рет талқыланып, жоспарлар айқындалды. Кедейшілік деңгейін төмендету, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру мәселесі де сараланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
– Аудан, қалалардағы АӘК тағайындауға жауапты учаскелік комиссиялардың жұмысын қатаң бақылауға алып, комиссия мүшелеріне оқыту семинарларын ұйымдастыру қажет. АӘК тағайындалушы азаматтардың санатына жан-жақты мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімді кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Бірінші кезекте инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашуға басымдық беру керек. Сол арқылы ғана тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтере аламыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, биылғы 8 айда 58981 адамға (9525 отбасыға) 3,9 млрд. теңгеге АӘК тағайындалып, төленді. Кедейлік деңгейі 2,7%-ды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға (2024 жылы –4,4%), ал АӘК алушылар саны 35 769 адамға немесе 37,8%-ға төмендеген. Соңғы 5 жылда өңірде кедейлік деңгейін және тиісінше атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады.
АӘК көрсетуде жаңадан енгізілген жаңа бастамалар арқылы заң бұзушылықтарды алдын алуға бағытталған. Учаскелік комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыру үшін FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылды. Осы арылы аз қамтылған отбасылардың мұқтаждығын айқындайтын автоматтандырылған жүйе пайдалануға енгізілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
