Кентау қаласына 70 жыл! Мерейтойға орай кенді шаһарда түрлі мерекелік шара ұйымдастырылған. Торқалы той аясында қалада жаңа аллея ел игілігіне берілді. Демалыс орнына Кентаудың дамуына еңбегі сіңген Сақ Мәуленқұловтың есімі берілген. Бұл жай ғана жаңа нысан емес, бұл – ел есінде өшпестей із қалдырған тау тұлға, атақты кенші Сақ Мәуленқұловқа көрсетілген құрметтің нақты көрінісі болып отыр.
Кентаудағы басты даңғылдардың бірінде салынған жаңа демалыс орны арда азаматтың есімімен аталуы – ұрпаққа өнеге, еңбекке тағзым,- дейді зиялы қауым өкілдері.
Нысанның ашылу салтанатында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз сөйлеп, атаулы күннің тарихи маңызын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындарды қаланың мерейтойымен құттықтады.
Ардагер кеншілер мен зиялы қауым өкілдері де бұл бастаманы қолдағандарын айтады. Олардың айтуынша, Мәуленқұлов сынды тұлғалардың еңбегін ұлықтау – елдігіміздің белгісі.
Жиналған жұртшылық жаңа сая жолды аралап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл – тек серуендейтін демалыс орны ғана емес, сондай-ақ – халық жүрегіндегі асыл азамат есімнің қайта жаңғырып, жас ұрпаққа жол сілтейтін символға айналған нысан болмақ.
