1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Атаулы күн жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, елімізде 100 жастағы және одан да үлкенірек жастағы 448 азамат бар. Ең жасы үлкен қазақстандық Ұлытау облысында тұрады, ол 115 жасқа толған туған күнін атап өтті. Жүз жасқа толғандардың ең көп саны еліміздің ең ірі қаласы Алматыда, онда 100 және одан жоғары жастағы 58 адам бар. Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында – Түркістан облысы. Онда 100 жастан асқан 53 адам тұрады. Үшінші орында Алматы облысы тұр. Өкінішке орай зейнеттің бейнетін көретін шақта туған балалары ата-анасын тастап кететін жағдай да кездеседі. Бірақ мұндай қарияларды мемлекет назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан Шымкентте де жалғыз ілікті қарттарға қызсет көрсететін арнайы орталық бар. Десе де қоғамға қарттар үйі керек пе деген сауал туындайды.
Айта кетсек мереке аясында Шымкенттік қарттарға бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. 12 мың теңгеге жуық қаражат 70 жастан асқан зейнеткерлерге үлестіріледі. Қарттар күні аясында Шымкентте ауқымды шаралар өтіп, концерттік бағдарлама ұсынылуда.
