УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМДЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

Screenshot

285 мұғалім №68 мектепке жиналды. Шымкент қаласында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдеріне арналған тәжірибелік семинар өтті. «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға қала мектептерінің ұстаздары мен қарулы күштер ардагерлері қатысты. Негізгі мақсат – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери-патриоттық білім беру ісін жетілдіру және оқу-тәрбие процесіне заманауи әдістемелерді енгізу.

Жиында қоғам қайраткерлері, сала мамандары мен әскери ардагерлер баяндама жасап, тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ашық сабақтар өткізіліп, педагогтар әскери дайындықты оқытудағы әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Семинар аясында «Қарулы күштерінің ардагерлері» бірлестігінің қалалық филиалы төрағасы Серікбай Оңбаев атындағы алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды.

Айта кетейік, бұл оқу жылындағы алғашқы тәжірибелік семинар болды. Жыл соңына дейін қала мектептері үшін осындай тағы сегіз жиын өткізу жоспарланған.