Шымкентте IV қалалық Азаматтық форум өтті. Бұл мегаполисте тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан азаматтық қоғам өкілдерінің басқосу алаңы. Мұндай форумдар мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты қалыптастыру, азаматтық бастамаларды қолдау және өзекті әлеуметтік мәселелерді бірге талқылау мақсатында өткізіледі. Шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кең, себебі олар халықтың ұсыныс, пікірлерін, өтініш-тілектерін билікке жеткізетін басты күш. Бұл демократиялық-зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты», — деді.
Форум алаңында үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік құрылым өкілдері бас қосып, өзара серіктестік, азаматтық бастамаларды дамыту, әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Айта кетейік, шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен Шымкент қалалық азаматтық альянсының төрағасы Жұмағали Даулетбекұлы “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды.
