Шымкент қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов қала тұрғындарын жеке мәселесімен қабылдады. Кездесу барысында азаматтар әлеуметтік және құқықтық сипаттағы түрлі түйіткілін көтерді. Қабылдауға жазылған қала тұрғыны Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауынбаевтың атына көше беру туралы ұсынысының қараусыз қалғанына ренішін білдірді. Министрлікке ұсынылған тізім ішінде батырдың есімі болмағанына күмәнданған ол, бұл мәселені қайта қарауды сұранды.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғынның бірі жерге қатысты мәселесін жеткізді. Сөзінше, әпкелі-сіңілі болып талай жылдан бері шаруашылықпен айналысып жүрген. Олар үлестік пайға берілген жерлерін заңдастыруды сұранып отыр.
Әрбір мәселе бойынша жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын айтып, әрбір сұрақтың орындалуы жіті бақылауға алынатынын атап өтті. Десе де шешім заң аясында іске асады.
