Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков елдің атын әлемге танытып, абыройын асқақтатқан Әлем және Азия чемпиондарын қабылдады. Жеңіс рухы сезілген басқосуда спортшылар әсерлі сәттерімен бөлісіп, қала басшысы олардың жеңісі – тек Шымкенттің емес, күллі Қазақстанның ортақ мерейі екенін атап өтті. Ал бокстан әлем чемпионы атанған ағайынды Сабырхандар және олардың әкесіне демеушілер есебінен су жаңа автокөлік пен бағалы сыйлықтар табысталды. Жиын соңында Ғабит Сыздықбеков спортшыларды құттықтап, бапкерлері мен тәлімгерлеріне алғысын білдірді. Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан Әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, ел спорт тарихына алтын әріппен жазылардай тарихи рекорд орнатты. Әсіресе, ағайынды Сабырхандардың жеңісі жанкүйерлерді дүр сілкіндірді, ағасы Махмұд екінші рет әлемдік тұғырдың ең биігіне көтерілсе, 19 жастағы Төрехан тұңғыш рет Әлем чемпионы атанып, қазақ спортының жаңа тарихын жазды.
