УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНА 25 ЖЫЛ: ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕС ӨТТІ

Screenshot

Шымкент жүрек орталығына 25 жыл. Айтулы күнге орай, халықаралық конгресс өтті. Шараға еліміздің жетекші дәрігерлері мен ғалымдары ғана емес, шетелден келген кардиохирургия саласының білікті мамандары да қатысты. Конгресте жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудің жаңа әдістері, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесі және халықаралық әріптестікті арттыру мәселелері талқыланды. Жиынға Шымкент қаласының әкімі қатысып, орталықтың медицина саласындағы орнына тоқталды. Ол тұрғындардың денсаулығын қорғау ісінде жүрек орталығының айрықша рөл атқарып келе жатқанын атап өтіп, дәрігерлердің еңбегіне алғысын білдіріп, 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Шымкенттегі жүрек орталығында мыңдаған ота жасалып, жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан талай науқасқа өмір сыйланды. Орталықтың тарихында алғаш рет ашық жүрекке ота жасау, жаңа технологияларды енгізу және жас мамандарды даярлау сынды айтулы кезеңдер бар. Бүгінде мекеме еліміздегі жетекші кардиохирургиялық орталықтардың біріне айналып, шетелдік клиникалармен тәжірибе алмасып келеді. Сонымен бірге мегаполисте ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Перспективті кардиологиялық зерттеулер орталығы ашылмақ. Шымкенттегі кардиохирургтардың халықаралық конгресі Қазақстандағы медициналық ғылымды дамытуда, өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтуда және халыққа кардиологиялық көмектің сапасын арттыруда маңызды оқиға болмақ.

Халықаралық конгресс аясында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Шымкент жүрек орталығы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аймақтағы ғылыми әріптестікті нығайтуға және кардиология саласындағы зерттеулерді дамытуға бағытталады.