Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты Шымкент қаласында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бастама елдегі кәсіби-техникалық білім беру мен еңбек нарығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Әсіресе ауқымды шаралар ірі өндірістік-экономикалық орталық саналатын үшінші мегаполисте кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Қалада жұмысшы кадрлар даярлау, кәсіби оқыту мен жұмысқа орналастыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған жұмысшы мамандықтар жылында шымкенттік жастарға тек кәсіби білім алып қана қоймай, сол мамандық бойынша жұмыс табуға да мүмкіндік беріліп отыр. Қалада апта сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, онда жүздеген мекеме мен кәсіпорын нақты жұмыс ұсынады. Бұл жәрмеңкелерде жұмыс іздеушілер тікелей жұмыс берушімен сұхбаттасып, еңбек шартына отыру мүмкіндігіне ие.
Бүгінде Шымкент қаласында 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мыңдаған студентті даярлап келеді. Мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін оқуға мүмкіндік алған жастардың саны жыл сайын артып отыр. Қазіргі таңда дәнекерлеуші, автокөлік жөндеуші, жол-құрылыс маманы, аспаз, тігінші, шаштараз сынды жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты оқу бағдарламалары заман талабына сай жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу-өндірістік шеберханалар ашылуда.
Кәсіби білім берудің дуальды оқыту жүйесі де жолға қойылған. Бұл жүйе арқылы студенттер теорияны оқу орнында меңгеріп, тәжірибені өндірісте жинақтайды. Мәселен, қаладағы бірқатар колледждер мен кәсіпорындар арасында үшжақты келісімдер жасалып, студенттер нақты өндіріс орындарында тәжірибеден өтіп, дипломмен бірге жұмысқа жолдама алады. Жұмысшы жылы аясында осы бағыт кеңейіп, оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланыс күшейе түсті.
Жұмыссыздықты азайту және халықты жұмыспен қамту мақсатында Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» жобалары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен «Бастау бизнес» жобасы арқылы жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес бастау үшін гранттар бөлінуде. Сонымен қатар, «Жастар практикасы» бағдарламасы шеңберінде жоғары және орта арнаулы білім алған жас түлектерге тәжірибе жинауға мүмкіндік беріліп, алты айлық мерзімге жұмысқа орналасу ұсынылады. Бұл бағдарлама аясында жұмыс беруші тарап жас маманға ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде еңбекақы төлесе, мемлекет әлеуметтік төлемдер мен сақтандыру жарналарын өз мойнына алады.
