УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

“ЖҰЛДЫЗ” ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Screenshot

Шымкент инвестиция тарту бойынша көш басында. Бұл бағыттағы жобалар «Жұлдыз» индустриялық аймағында да іске асырылып келеді. Иә ел экономикасының қуаты ең алдымен, өз жерінде өнім өндіріп, өз азаматтарын жұмыспен қамтыған кәсіпорындармен өлшенеді. Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан зауыттың бірінде құрылыс саласына қажетті сәндік панельдер, кәріз жүйелеріне арналған құбырлар сынды өнімдер өндіріледі. Кәсіпорын өнімдері Шымкентпен шектелмей, Түркістан, Алматы және еліміздің өзге де қалаларына жөнелтіледі. Бүгінде өндіріс орнында 60- қа жуық адам тұрақты еңбек етеді. Бұл бір кәсіпорынның ғана жетістігі емес, өңірдегі жұмыс орындарының көбеюі мен отандық өндірістің дамуына қосылған нақты үлес.

Өндіріс ошағындағы жұмыс барысы да көпшілік үшін қызық. Мұнда өнім дайын күйінде дүкен сөресіне түсе салмайды. Алдымен зауытқа арнайы түйіршіктелген шикізат жеткізіледі. Оның ақ, жасыл секілді түрлі түсті түрлері бар. Шикізат арнайы аппараттарға салынып, өңделеді, қажетті қалыпқа келтіріледі. Одан әрі вакуумдық калибрлеу жүйесі арқылы өнімнің өлшемі мен пішіні реттеліп, дайын құбырлар шығарылады. Заманауи жабдықтардың басым бөлігі автоматтандырылған. Әр аппаратта екі маман – оператор мен қаптаушы жұмыс істейді.

Бүгінде құрылыс қарқыны артқан сайын сапалы құбырлар мен қажетті материалдарға деген сұраныс та өсіп келеді. Осындай кезде жергілікті кәсіпорындардың нарықтағы орны айрықша. Өйткені әрбір өндіріс орны жаңа жұмыс орны, әрбір дайын өнім ел экономикасына қосылған үлес. «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы зауыт та осы міндетті жүзеге асырып, отандық өнім көлемін арттыруға атсалысуда.