УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Screenshot

Қала әкімінің орынбасары баспасөз брифингі барысында үшінші мегаполистің жаңа оқу жылына дайындығының қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің назарында екенін айтып, білім саласындағы жұмыстардың жүйелі жүріп жатқанын айтты. Бүгінде мегеполисте білім беру ұйымдарының саны артып 292-ге жеткен.

«Мектепке жол» акциясы Қазақстанда жыл сайын өткізілетін республикалық қайырымдылық шара. Оның басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмек көрсету. Көп өңірде бұл шара тамыз айында, жаңа оқу жылы қарсаңында басталып, қыркүйектің алғашқы аптасына дейін жалғасады. Сонымен бірге, ағымдағы жылы акцияға жаңа өзгеріс енген. Енді шара аясында көмекті тек мемлекеттік мектептерде білім алатын балалар ғана емес, жеке меншік білім орындарында оқитын оқушылар да алады.

Айта кетейік, биыл білім ошақтарына кітап тарату жұмысы жүйелі жүруде. Жаңа оқу жылына оқулық сатып алу үшін 2,1 млрд теңге бөлініп 11 баспамен келісім жүргізілген. Бүгінде 55-60 пайыз кітаптар қалаға жеткізілген. Сәрсен Құранбек осы аптаның соңына дейін бұл жұмыстар аяқталып, тамыз айының 25-не дейін мектептерге оқулықтар тұтасымен таратылады деді.

Сонымен бірге, брифинг барысында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мектептер жайы да айтылды. Бүгінде қалада 10 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Оның 9-ы мектеп болса 1-і балабақша. Жоспарға сай білім ошақтарының жұмысы 20 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Қазір 85-90 пайызға жөндеу жұмыстары аяқталған. Айта кетейік, қала әкімінің орынбасары «Айқын» жобасының жүргізілуін де баса айтты. Бұл туралы жүйелі жұмыстар жүруде дейді.

Биыл жылыту маусымы үшін білім ошақтарына 259 млн-нан астам қаражат бөлінген. Қатты отынмен жылытылатын мектептерге оның 60 пайызы, сұйық отынның 100 пайызы жеткізілген. Қазандықтардың жыл сайынғы тексерілуі дер кезінде өткізілген. Қала әкімінің орынбасары 1 қыркүйекке дейін бұл жұмыстар 100 пайыз аяқталады дейді.