Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Әлеуметтік саясаттағы басты ұстаным – көмек шын мәнінде мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі тиіс» деген болатын. Бұл қағидат бүгінгі таңда елдің барлық өңірінде, соның ішінде Шымкент қаласында да жүйелі жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін қалаға 7,5 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 4 684 отбасы қолдау тапты. Сонымен бірге, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 242 балаға қосымша әлеуметтік төлемдер берілді. Бұл шаралар жас буынның дені сау, толыққанды тәрбиеленуіне ықпал етсе, отбасылардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге жол ашты. Айта кетерлігі, 2024 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қолдау алушылардың саны 40 пайызға азайған. Бұл халықтың табыс деңгейінің артып, экономикалық белсенділіктің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік саладағы тағы бір жаңашылдық – «FSM Social» мобильді қосымшасының енгізілуі. Бұл қосымша арқылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініштер толығымен цифрлы форматта қабылдануда. Жаңа тәсіл қызмет сапасын жақсартып қана қоймай, ең бастысы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді. Азаматтар енді кезекте тұрмай-ақ, өз өтінішін онлайн жолдап, нәтижесін қадағалай алады.
2024 жылдың шілде айынан бастап елімізде дәрілік заттарды таңбалау жүйесі іске қосылды. Соның арқасында стационарлар мен дәріханалардағы дәрі-дәрмек айналымы цифрлық бақылауға алынып, халыққа сапалы әрі қауіпсіз дәрілердің қолжетімділігі күшейтілді. Тағы бір маңызды жаңашылдық – «Әлеуметтік әмиян» жобасы. Оның аясында қаладағы барлық медициналық ұйымдар электронды рецептке көшті. 2025 жылдың өзінде-ақ 619 мыңнан астам рецепт осы жүйе арқылы жазылып, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі ашық қызмет көрсетіле бастады. Денсаулық сақтау саласын дамытудағы тағы бір басымдық – инфрақұрылым мен кадр саясаты. Ал дәрігерлердің білімін жетілдіру үшін жас мамандарды резидентураға жіберу қолға алынуда. Бұл болашақта салаға жаңа күш әкеліп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы. Бұл жүйе бүгінде Шымкент қаласында толық іске қосылды. Қаладағы барлық 61 медициналық ұйым дәрілік заттарды жаңа жоба аясында беруді бастап кетті. Енді тұрғындар бұрынғыдай тек қағаз рецепті ғана емес, QR-код арқылы да жеңілдетілген тегін дәрілерін алу мүмкіндігіне ие. Бұл халық үшін уақытты үнемдеп қана қоймай, медициналық қызметтің ашықтығын арттырады. Жыл басынан бері Шымкентте 619 мыңнан астам рецепт рәсімделсе, оның 562 мыңға жуығы «Әлеуметтік әмиян» арқылы қамтамасыз етілген. Яғни жоспардың 90 пайыздан астамы орындалған. Бұл – жүйенің тиімділігін дәлелдейтін көрсеткіш. Сонымен бірге EGOV қосымшасын қолдана алмайтын немесе интернетке қолжетімділігі шектеулі науқастар үшін балама жол қарастырылған. Олар дәрілерін 1414 қысқа нөмірінен келетін СМС-код арқылы алу мүмкіндігіне ие. Осылайша, «Әлеуметтік әмиян» жобасы тұрғындардың қолжетімді әрі ыңғайлы медициналық қызметке қол жеткізуіне жағдай жасап қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық трансформацияның нақты нәтижесін көрсетіп отыр.
2025 жылдан бастап еліміздің алты өңірінде қосымша білім беру саласында ваучерлік жүйе бойынша пилоттық жоба қолға алынды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – балалардың тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуына жағдай жасау. Алайда жобаны жүзеге асыру барысында бірқатар олқылықтар анықталыпты. Бұл туралы брифинг барысында Сәрсен Құранбек ашық айтты. Нақтыласақ, бұған дейін балаларды қосымша үйірмелерге бағыттау ісімен үш түрлі басқарма айналысып келген. Әр мекеменің өз тарифін әрқалай белгілеуі бір қалада орналасса да әртүрлі ақы сұрауы дұрыс емес екен. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде тағы бірқатар өзекті мәселелер белгілі болған. Мәселен, бір баланың теннис үйірмесі бойынша жеті мекемеге қатар тіркелгені анықталса, кейбір педагогтардың бірнеше түрлі бағытта сабақ беріп жүргені белгілі болған. Тіпті ұстаздардың жеке мәліметінде бірдей телефон нөмірлері көрсетілген жағдайлар кездескен. Мұндай фактілер қосымша білім беру саласында бақылаудың әлсіздігін айқын көрсетеді.
Ал, жаңа жүйе нені алға тартады. Енді әр балаға бір ғана ваучер беріледі. Яғни бұдан былай бір оқушы бірнеше үйірмеге қатар қатыса алмайды. Ол тек өз қалауына сай бір қосымша білім ұйымын таңдап, сол бағытта дамуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге тариф құны барлық мекемеде бірдей деңгейде теңестіріледі. Бұл да ата-аналар үшін ыңғайлы тетік болмақ. Тағы бір маңызды қадам – шалғай елдімекендердегі балалардың қосымша үйірмелерге қатысуына жағдай жасау. Бұрын мұндай мүмкіндіктен тыс қалып келген ауыл балалары енді шығармашылық және спорттық секцияларға қосыла алады. Демек, ваучерлік жүйе қосымша білім берудегі ашықтықты қамтамасыз етіп, әділдікті күшейтуге бағытталған. Әкімдіктің ресми өкілінің айтуынша, кемшіліктерді жою арқылы бұл жүйе балалардың қабілетін дамытуға жаңа серпін бермек.
Құрметті көрермен, бұл шығарылымды әділетті қазақстан құру жолындағы әлеуметтік жағдайға арнадық. Қоғамда қандай мәселе болса да адал жолмен шешімін табу қажет.