УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТАДЫ

Түркістан облысында гүл шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілмек. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қытайлық инвесторлармен кездесіп, ауқымды жобаны талқылады. Енді облыс көшелері мен саябақтарын көгалдандыруға арналған гүлдер мен сәндік ағаштар жергілікті жерде өсірілмек. Иә, Түркістанға тартылған инвестиция – енді гүл мен бақша шаруашылығына бағытталады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық ауқымды компаниясының басшылығымен кездесіп, серіктестік байланысты бекітті. Басты мақсат – өңірдегі жылыжай кешендерін әртараптандыру және экспорттық әлеуетті арттыру. Инвесторлар қазірдің өзінде Сарыағаш ауданында тәжірибелік жұмыстарды бастап кетті. Мұнда бұталы раушан гүлдері егілуде. Егер сынақ нәтижесі ойдағыдай болса, алдағы уақытта алқап көлемі 20 гектарға дейін ұлғайтылады. Айта кетейік, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, Түркістанның эстетикалық келбетін жақсартуға да үлесін қоспақ. Кездесу соңында тараптар алдағы жұмыс бағытын айқындап, сынақ ретінде гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрін отырғызуға келісті. Түркістан облысы – жылыжай шаруашылығы бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі. Енді мұнда көкөніспен қатар, гүл шаруашылығының да дамуы жергілікті шаруаларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Егер жоба жүзеге асатын болса, жақын арада отандық гүлдер көршілес мемлекеттердің нарығына шығарыла бастайды.