УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН – РЕСПУБЛИКАДА ГАЗДАНДЫРУ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ӨҢІР

Қазақстанда жаппай газдандыру науқаны жаңа қарқын алмақ. Қазіргі уақытта еліміздің газбен қамтылу деңгейі 64 пайыздан асады, бұл — 13 миллионнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді деген сөз. Десе де, Үкімет бұл көрсеткішті 2035 жылға қарай 80 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін тек биылдың өзінде 40 бірдей ірі жоба қолға алынды. Ал аймақтар арасында Түркістан облысы көш бастап тұр.Аймақта жыл соңына дейін газдандыру деңгейі бірден 90 пайызға жетпек. Нәтижесінде өңірдегі 640 елді мекенде тұратын 2 миллионға жуық халық табиғи газдың игілігін көреді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 600-ден астам ауыл газға қосылған.

Жалпы ел көлемінде ішкі нарықты газбен тұрақты қамту үшін 2030 жылға дейін жаңа газ өңдеу зауыттары іске қосылмақ. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарындағы жаңа қуаттылықтардың есебінен 2032 жылға қарай тауарлық газ өндірісі шамамен 30 пайызға ұлғаймақ.

Сонымен қатар, еліміздің солтүстік өңірлерін газбен қамту үшін де нақты қадам жасалды. Үкімет пен «Газпром» арасында «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырын салу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді. Ал оңтүстік өңірлердегі газ тапшылығын жою үшін осы жылдың соңында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісіне қарасты алғашқы кезең жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда.