Түркістан облысының бас полицейі жол апаты жиі болытын қауіпті учаскелерде рейд өткізді. Мұрат Қабденов жүргізушілермен арнайы түсіндіру жұмыстарын жеке өзі жүргізді.
Жыл басынан бері өңірдің полицейлері жолда 50 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған.
Атап айтқанда 50 548 жаяу жүргіншіге жолдан өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылды, 762 жүргізуші қарсы бағытқа шыққаны үшін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сондай-ақ, 900-ге жуық мас жүргізуші де темір тұлпар тізгіндеу құқығынан шеттетілді.
Облыста және жалпы республика бойынша 18–23 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Акцияның мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тәртіп деңгейін арттыру және жолдағы қауіпсіздікті нығайту.
Бүгінде қауіпті жол учаскелерінде жол жағдайын бақылауды күшейту мақсатында патрульдік экипаждар мен бейнебақылау жүйелерін қайта бөлу жүзеге асырылып жатыр.
Сандар сөйлесін, ресми мәліметке Республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 4,5%-ға, қаза тапқандар 5,3%-ға, жарақат алғандар 18%-ға азайыпты. Ал арнайы дрон аппаратының көмегімен 1300-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. «Жолдағы қауіпсіздік – бәрімізге ортақ жауапкершілік», — дейді тәртіп сақшылары.
