УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 614 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі еселеп артты. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өңірге 614,2 млрд теңге қаржы құйылып, өсім көрсеткіші 150,5 пайызды құрады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде инвестициялық жобалардың жай-күйі талқыланды. Иә,Өңір инвестиция тарту бойынша республикада көш бастап тұр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жоспардан 4 есе асыра орындалып, 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларын құрады.

Қазір өңірдің әр ауданында өндірістік ошақтар бой көтеруде. Созақта уран өңдеу, Түркістанда тоқыма фабрикалары, Отырарда мақта зауыттары, ал Сайрам мен Сауран аудандарында ірі ет-сүт комбинаттары салынып жатыр. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған заманауи бордақылау кешендерінің құрылысы қарқын алған.жиын барысында облыс басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен әкімдерге инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды.