Түркістан облысында күзгі көгалдандыру маусымы жалғасуда! Биыл өңірде жалпы бес жүз мыңнан астам түп көшет отырғызылады деп жоспарланған.
Ал аудан және қала әкімдіктері шұңқыр қазу, қоршау орнату, суару инфрақұрылымын дайындау жұмыстарын 70 пайызға орындап, 340 мыңнан астам көшет отырғызды. Түркістан, Арыс, Кентау қалалары және Сайрам, Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек, Түлкібас аудандары межені толық орындап шыққан. Бұл мәлімет облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат жиналысында айтылды.
Облыс әкімі елді мекендерді көгалдандыру қарқынын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ күтім жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуіне байланысты бірқатар ескертулер жасады.
Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша алдағы бес жылда елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш егу жоспары бекітілген. Соның ішінде Түркістан облысына 1,1 млн көшет отырғызу міндеті жүктелген. Өткен жылы өңірде 2,7 млн көшет егілді, яғни жоспар артығымен орындалды. Ал биыл 1 миллионнан астам көшет егу жоспарланып, оның 500 мың түп ағаштан астамы көктемде отырғызылыпты.
Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық аудан-қалалар мен орман шаруашылығы мекемелері арасында көшет жеткізу және қабылдау тәртібі нақты бекітілді. Ағаш егу процесін арнайы жұмыс топтары бақылап отыр. Көшет отырғызу аяқталған соң, атқарылған жұмыстардың сапасы, қоршаулардың беріктігі және суару жүйелерінің жұмысқа жарамдылығы толық тексеріледі.
Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері көршілес аудандарға климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, биіктігі 1,5–3 метр болатын жергілікті жерге бейімделген жапырақты, қылқанжапырақты, жеміс ағаштары мен гүлді бұталардың стандартты көшеттерін жеткізуді жалғастыруда.
