Түркістан облысында әуесқой футбол командалары арасындағы облыстық чемпионат мәресіне жетті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған жарысқа өңірдегі 170 командадан 3 200-ге жуық ойыншы қатысты. Аймақтық кезеңде ауылдық округтердің командалары бақ сынаса, облыстық кезеңде 3 қала мен 14 ауданның құрамалары төрт топқа бөлініп, үздіктерді анықтады.
Қола жүлде үшін өткен кездесуде Түлкібас командасы Ордабасы құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Ал чемпионаттың финалдық ойыны «Түркістан Арена» стадионында өтті. Шешуші кездесуде Мақтаарал ауданы мен Түркістан қаласының командалары чемпиондық атаққа таласты.
Тартысты матчта Мақтаарал құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетіп, Түркістан облысының әуесқой футбол чемпионы атанды. Сонымен қатар бұл команда Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ауыспалы кубокпен және медальдармен марапатталды.
