УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН — ҚЫТАЙ: ЖАҢА ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАР АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының делегациясы Қытайдың ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі – Ухань қаласында маңызды келіссөздер жүргізді. Мақсат айқын – өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды тарту. Нәтижесінде, облыста жүзеге асырылуы мүмкін инвестициялық жобалардың жаңа пулы қалыптасты. Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстың жаңа парағы ашылып жатыр.Уханьда өткен дөңгелек үстел барысында инвесторлар өздерінің Түркістандағы жаңа өндірістік алаңдарын ашу жоспарларын таныстырды. Олар болат құбырлар, микротоннель жүйелері мен модульдік тұрғын үйлер шығаруды көздеп отыр. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба сәтті іске асырылған. Енді бұл көрсеткішті жаңа деңгейге көтеру жоспарда бар.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар нақты жобаларды пысықтау жөнінде уағдаласты. Бұл ынтымақтастық алдағы жылдары өңір экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экспорттық әлеуеттің артуына серпін бермек.