УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ БІР АПТАДА ҚЫЛМЫС САНЫ АЗАЙҒАН: РЕЙДТІК ШАРА ЖАЛҒАСАДЫ

Screenshot

Қаладағы қоғамдық қауіпсіздік мәселелері басты назарда. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті брифингте дәстүрлі түрде құқық бұзушылықтар мен қылмыс деңгейіне қатысты соңғы деректерді жариялады. Соңғы уақытта түнгі мезгілде тұрғындардың тыныштығын бұзып, түрлі жарылғыш заттарды қолдану фактілері жиілеген. Бұл ретте полиция департаментінің қызметкерлері күнделікті рейдтік шаралар өткізіп, заңсыз әрекеттердің алдын алуға күш салып жатыр екен.

Алайда айыппұл салынып, әкімшілік шаралар қабылданғанымен, қылмыс саны азайған жоқ. Әсіресе интернет кеңістігінде жасалатын құқық бұзушылықтар алаңдатарлық деңгейге жетті. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы алаяқтық әрекеттерге барып, халықты алдап-арбау деректері азаймай тұр. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұл мәселеге ерекше тоқталып, тұрғындарды абай болуға шақырды. Оның айтуынша, қарапайым қырағылық танытпаған жағдайда кез келген азамат алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін.

Жалпы, қалада құқық бұзушылықтың алдын алу – тек полицияның емес, қоғамның ортақ ісі. Сондықтан Сәрсен Құранбек тұрғындарды бейжай қарамай, тәртіп пен тыныштықты сақтауға үлес қосуға үндеді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, соңғы кездері қала аумағында электрсамокаттардың ретсіз қалдырылуына байланысты шағымдар жиілеген. Мұндай келеңсіздіктер көлік қозғалысына және жаяу жүргіншілерге кедергі келтіруде. Сондықтан өткен аптада кешелерде ретсіз қалдырылған 300-ге жуық электрсамокат айыптұраққа жеткізілді. Жол оқиғаларының алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, электрсамокаттарды пайдаланудағы ереже бұзу жайттарын анықтауда. Полицейлер жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтіп, азаматтарды самокатты қолдану барысында жауапкершілікке шақырды.

Бұдан өзге шаһарда  1 қыркүйек —  1 қараша аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Өткізіліп жатқан іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің бекітілген әкімшілік аймағындағы тұрғындармен танысу, тұрғындардың арасында болған әртүрлі құқық бұзушылықтарды анықтау үшін тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлер тексерілуде. Ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған тұлғалар тексеріліп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, Шымкенттік полицейлер заңдағы жаңа норма туралы түсіндіруді қолға алған. 12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салатын заңнама нормасы күшіне енді. Полиция бұл өзгерістер жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.Шектеу адамның бет-жүзін толықтай жауып тұратын киімдерге – мысалы, никаб пен бетпердеге қатысты. Ал хиджаб, химар, шейла сияқты бет ашық қалатын киімдерге бұл талап жүрмейді.

Алыс жолға шығатын жүргізушілерді патрульдік полиция қызметкерлері арнайы тоқтатып, жол ережесін сақтау, демалысты дұрыс ұйымдастыру және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл профилактикалық шара арқылы халықтың жолда жүру мәдениетін арттырудя көздейді!