Түркістан қаласында Құқық қорғау органдары академиясы ректорының қатысуымен прокурорларға арналған көшпелі семинар-тренинг басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас прокурорларды қолдау және тәжірибелі қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру. Тренингке облыстың қала-аудан прокурорлары, Академия өкілдері мен жас мамандар қатысты.
Семинарда жас прокурорлардың алғашқы еңбек жылындағы бейімделу мәселесі көтерілді. Себебі жас кадрлардың бір бөлігі жоғары жүктеме мен психологиялық қысымға төтеп бере алмай, қызметтен кетіп жатады. Осыған байланысты Академия түлектермен тұрақты байланыс орнатып, оларды кәсіби ортаға бейімдеу, тәлімгерлік институтын дамыту және әдістемелік қолдау көрсетуге басымдық бермек.
Кәсіби біліктілікті арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары 4 мыңға жуық прокурордың небәрі 43 пайызы ғана оқудан өткен. Академия жыл сайын ел көлемінде 800-ге тарта қызметкердің біліктілігін жетілдіруді жоспарлап отыр. Оқыту жұмыстан қол үзбей ұйымдастырылады. Бағдарламаға прокуратура қызметкерлерімен қатар ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің мамандарын тарту көзделген.
Түркістан облысынан жыл сайын 100-ден аса қызметкер офлайн форматта оқудан өтсе, 200-ден астамы онлайн курстарға қатысады. Әрбір прокурор үш жылда бір рет біліктілігін арттыруы тиіс.
Семинар барысында өңірлерде әзірленген авторлық жобаларды республика деңгейінде енгізу ұсынылды. Түркістан облысы прокуратурасында іске асырылып жатқан «Қауіпсіз балалық шақ» бастамасы озық тәжірибе ретінде аталып, өзге өңірлерге таратылуы мүмкін екені айтылды.
Академия жас мамандарды даярлаумен шектелмей, қызметке бейімделу кезеңінде де жан-жақты қолдау көрсетеді. Түлектермен байланыс үзілмейді, практикалық және әдістемелік көмек беріледі.
Оразбай Ақжарқын, жас прокурор
2023 жылы Академияны тәмамдап, жұмысқа кірістім. Қазір де байланыс үзілген жоқ. Апта сайын прокуратура өкілдерінің дәрістері өтеді, бұл тәжірибе жинауға көмектеседі,- дейді. Семинар алдағы уақытта жоғары оқу орындарында жалғасады. Академия мен прокуратура өкілдері студенттермен кездесіп, мамандықтың ерекшелігін түсіндіріп, болашақ кадрларға кәсіби бағыт береді.
