Жаңа оқу жылында жаңа жүйе іске қосылмақ. “Айқын” жүйесі тураля қала әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз мәслихатында ерекшелігін айтып берді. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мектептерге заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталады. Бұл кешен – білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында қолға алынған ауқымды жоба.
Әкім орынбасары бұған қоса, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктірілетінін, бұған дейін желіні бір компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа компания орнатқан болса, енді барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтінін айтты.
«ҚР Заңнамасына сәйкес, 100 адамнан астам шоғырланатын нысандар террористік тұрғыдан осал объектілер ретінде тіркеліп, олардың бейнебақылау жүйесі Жедел басқару орталығына тікелей қосылуға тиіс. Қазіргі таңда кейбір мектептерде бұл талап толық орындалмаған. Мәселен, камералар мектептің бір ғимаратында болса, екінші бөлігінде мүлдем жоқ. Мысалы, мектепте оқушының жарақаттану жағдайына байланысты бейнежазбалар болмағандықтан, кей жағдайда себебі анықталмайды. Бұл мәселелерді шешу мақсатында баспалдақ алаңдары сияқты мектептің таса «көлеңке» бөліктеріне де бейнебақылау камералары орнатылады.
Жобаны іске асырушы компания жыл соңына дейін шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға тиіс. Жалпы 5,5 млрд теңге үш жылға бөлініп, сервистік қызмет негізінде ай сайын төленеді. Бұл соманы Шымкент қаласы мәслихаты бекітіп, биылғы жылғы қаржысы қарастырылған. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша клмпания төртінші жылда тегін қызмет көрсетеді, одан бөлек бес жылға кепілдік береді»,- деді ресми өкіл.
Жоба аясында жалпы саны 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал қазіргі таңда мектептерде тұрған бейнекамералардың 2600-і – ескі, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін аналогтық жүйелер. Аталған камералар толықтай жаңартылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығуға бейімделеді.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, камера орнату кезінде жеке тұлғалардың құқығы да ескерілуде. Мәселен, дәретханаларға камера орнатылмайды, өйткені бұл адамның жеке кеңістігіне қол сұғу болып саналады. Ал оқу кабинеттері – қоғамдық кеңістік, онда оқу процесі өтетіндіктен бақылау камераларымен жабдықталуы жеке басқа қолуға сұғуға жатпайды.
«Барлық орнатылатын бейнебақылау камералары Hikvision зауытының өнімдері болып табылады. Жобаның сапасын арттыру үшін жабдықтаушы компаниядан тиісті сертификат талап етіледі. Елімізде осындай жоғары әлеуетке ие 6-7 компания анықталып, олардың ішінен біреуі мемлекеттік конкурс негізінде жеңімпаз атанды. Бұған дейін бір камераның құны 100 мың теңге бола тұра, оны 300 мың теңгеге жеткізгісі келген жағдайлар тіркелген. Мұндай негізсіз шығындардың алдын алу үшін мемлекеттік сатып алулар қатаң бақылауға алынды»,- деді әкім орынбасары.
Жоба шеңберінде Жедел басқару орталығы, Әдістемелік орталық, дабыл жүйесі мен цифрлық инфрақұрылым толық интеграцияланып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл бағытта осы жүйені енгізген Алматы қаласы мен Атырау облысы сияқты Шымкент қаласы да алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі болмақ.
Қала әкімінің орынбасары бұл жүйе білім беру сапасын арттыруды көздейтін бақылауға негізделген үдеріс екенін жеткізді.
