«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге арналған жаңа қаржылық қолдау тетіктерін арнайы баспасөз жиынында таныстырды. Қор өкілдері шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жеңілдетілген несие бағдарламалары мен кепілдік жүйелері туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, жаңа 1-кепілдік қоры аясында жалпы құны 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға 85 пайызға дейін мемлекеттік кепілдік беріледі. Бұл – банктен несие алуға кепілі жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. “Даму” қорының мәліметінше, бұл бастама бизнестің қаржыға қолжетімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін береді.
Ал 2-кепілдік қоры – ірі жобаларға, 15 жылға дейінгі мерзіммен, жоба құнының 30%-ына дейін кепіл ұсынады. Тағы бір маңызды бастама – «Өрлеу» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы кәсіпкерлер жылдық 12,6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады.
Инвестициялық мақсаттарға – 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін қолдау көрсетіледі. Сондай ақ Жыл басынан бері Шымкент қаласының өзінде «Даму» Қоры арқылы 32 миллиард теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетілген. 231 жоба қаржыландырылып, оның 154-і субсидия, 77-сі – кепілдік беру бағытымен жүзеге асқан.
Мамандардың айтуынша, қордың басты ерекшелігі – тікелей және ашық қолдау тетіктері. Несие Қор арқылы емес, екінші деңгейлі банктер, лизингтік компаниялар мен микроқаржы ұйымдары арқылы жүзеге асады.
Айта кетейік, кәсіп бастауға ниетті кез келген азамат аймақтық филиалға барып, тегін кеңес алып, нақты қолдау тетіктерімен таныса алады.
