Шымкент қаласының Жаңаталап елдімекенінде «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті. Шараға партия филиалының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіби заңгерлер мен сот орындаушылар қатысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жергілікті халық өздерін толғандырған әлеуметтік, тұрғын үй, жер мәселелері мен құқықтық сипаттағы түрлі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар мен тиісті кеңестер алды. Қабылдау барысында азаматтардың өтініштері мен шағымдары қаралып, оларды заң аясында шешудің жолдары түсіндірілді. Тұрғындар газ, су, жарық пен аяқжолдар және қаптап кеткен иесіз иттердің мәселесін көтерді.
Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты — халықтың құқықтық сауатын арттыру, тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсету. Мұндай ашық кездесулер азаматтардың билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
