УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ: ТҮРКІСТАНДА ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістан — бұл күндері ел тәуелсіздігі мен ұлттық руханиятты ұштастырған алқалы жиынның орталығына айналды. Шаһардағы зәулім «Киіз үй» кешенінде өткен ауқымды конференция дәл осы Мемлекет басшысының Қожа Ахмет Ясауи мұрасын әлемге таныту және ішкі туризмге жаңа серпін беру туралы тапсырмасы аясында ұйымдастырылған болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мәслихат депутаттары, белгілі ғалымдар мен сала мамандары екі күн бойы киелі шаһардың халықаралық деңгейдегі мәдени әрі туристік әлеуетін арттыру жолдарын ортаға салды. Жиын барысында туризмді жай ғана табыс көзі емес, ұлттық дипломатия мен тарихи сананың құралы ретінде дамыту қажеттігі ерекше айтылды.

Туризмді түсінгенде оны тек экономика деп қарау — біржақты түсінік. Туризм — ең алдымен, тарихи сананы жаңғырту мен ұлттық рухты танытудың басты құралы. Түркістан — жай ғана саяхат орны емес, ол үлкен рухани феномен. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәслихат депутаттарының бұл іске атсалысуы — жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің ұлттық мүддемен үндесіп жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өңірде туристік әлеуетті арттыру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Нәтиже де жаман емес: өткен жылдың қорытындысымен өңірдегі демалыс орындарына тоқтағандар саны 15 пайызға жуық артып, 350 мыңға жуықтады. Ал тарихи орындарға келушілер саны 1 миллионнан асты. Жалпы, бұл салаға 130 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.

Қожа Ахмет Ясауи мұрасы — тек қазақтың ырзығы емес, бүкіл түркі жұртының ортақ темірқазығы, рухани құндылығы. Түркістанға келетін туристерге тек қабырғаны немесе жәдігерді көрсетіп қана қоймай, осы жердің сопылық ілімін, Ясауидің хикметтеріндегі терең пәлсапаны санасына сіңіре білуіміз керек. Рухани туризмнің негізгі миссиясы — ұлттың жадын жаңғырту. Екі күнге созылған ауқымды жиыннан кейін конференцияға қатысушылар Түркістан қаласы мен Отырар, Ордабасы аудандарындағы тарихи және туристік нысандарды аралап, киелі орындардың бүгінгі ахуалымен танысты.