ҚР Конституциясының 30 жылдығы аясында құрақ құрау бойынша шеберлік сағаты өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған жиында әлемдік рекордқа кірген құрақ көрпе жайылып, құрақ құраудан гиннес рекордына енген шеберлер марапатталды. Шараға оңтүстіктің әр өңірінен келген ақ жаулықты аналар қатысып, тарихқа айналған өнердің аңыздарынан сыр шертті. Айта кетейік, қолөнер шеберлері V дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында Аламан құрақ жобасына қатысып 89 елден келген қонақтарды таңқалдырған еді. Яғни, бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11 200 кв метрді, ені бойынша 16 қатар 40 метр ұзындығы бойынша 28 қатар 252 метр аламан құрақ құрап ата дәстүрді қайта жаңғыртқан.
Құрақ құрау — ұлттың шеберлігі мен талғамын, даналығы мен танымын айқындайтын ерекше өнер. Әрбір құрақ – жай ғана матаның қиындысы емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тарих пен тағылымның белгісі. Шара аясында шеберлік сағаттан бөлек, ән мен күй шырқалып, бишілер мың бұрала билеп өз өнерлерін көрсетті. Жауаптылар шеберлерді құттықтап, ұлттық өнердің өмірін жалғастырып жүрген аналарға алғыстарын айтты.
Құрақ құрау – сарқылмас қазына, ұлт руханиятының қайнар бұлағы. Ол өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол сілтейтін шеберліктің символы.
