Өңір жаңалықтарын жалғастырамыз,Түркістан облысында қыс мезгілінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Автомобиль жолдарын қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу және жолдардың қалыпты жағдайын сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған. Осы мақсатта тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылып, жағдай жедел үйлестіріліп отыр. Жауапты мекемелерге техника мен жұмыс күшінің толық дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Қысқы кезеңде тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысы — басты басымдық ретінде айқындалды. 2026 жылдың 21–23 қаңтар аралығында ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыс аумағында жедел іс-шаралар ұйымдастырылды. Қар мен көктайғаққа қарсы жұмыстарға 221 арнайы техника мен 1 177 жұмысшы жұмылдырылып, 11 692 шақырым автомобиль жолы қардан тазартылды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 9 751 текше метр құм және 3 125 тонна тұз қоспасы себілді. Арнайы техника мен жұмысшы күші қажеттілікке қарай аудандар арасында жедел ауыстырылып, өзара көмек қағидатымен жұмыс атқарды. Облыс аумағындағы барлық автомобиль жолдарының жағдайы тұрақты бақылауда. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендер мен жергілікті маңызы бар жолдардың бойын тазарту жұмыстары да жалғасуда. Қолайсыз ауа райы жағдайында қосымша шаралар жедел қабылданады. Аппарат мәжілісінде жылыту маусымының өту барысы да қаралды. 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Облыс бойынша көмірге деген қажеттіліктің 98 пайызы қамтылған. Бюджеттік мекемелер мен тұрғын үйлер толық, ал жылыжайлар 97 пайыз көмірмен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыту маусымы өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.
