УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР — ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ: ТЕМІРЛАНДА ЖАҢА МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Көпшілік көкейіндегі басты сұрақтың бірі – қайтарылған активтер халыққа қалай пайдасын тигізіп жатыр? Түркістан облысында бұл қаражат нақты нәтижесін бере бастады. Соңғы екі жылда Арнайы мемлекеттік қордан өңірге 26,4 млрд теңге бөлініп, 30 әлеуметтік нысанның құрылысы қаржыландырылды. Бүгінде олардың 27-сі ел игілігіне пайдалануға берілсе, қалған 3 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Солардың бірі – Ордабасы ауданының Темірлан ауылында пайдалануға берілген жаңа өнер мектебі. Бұған дейін ауыл балалары 1974 жылы салынған ескі ғимаратта білім алып келген. Жылдар бойы тозығы жеткен нысан оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға толық мүмкіндік бере алмады. Енді жаңа, заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте 400-ге жуық оқушы 12 бағыт бойынша білім алып жатыр. Жаңа мектептің ашылуы ауыл тұрғындарының да көптен күткен қуанышы болды. Қос немересін фортепиано сыныбына берген Қалия Малшыбайқызы жаңа ғимараттың балаларға үлкен мүмкіндік сыйлағанын айтады. Оның сөзінше, білікті ұстаздардың еңбегінің арқасында немерелері халықаралық «Дарын-Шабыт» фестиваліне қатысып, бас жүлде мен бірінші орынды жеңіп алған.

Ауылдың көнекөз қарияларының айтуынша, бұл өнер мектебінің тарихы бірнеше онжылдыққа созылады. Осы уақыт аралығында мектептен талай өнерпаз түлеп ұшып, ел мәдениетінің дамуына өз үлесін қосқан. Бүгінде сол дәстүр жаңа ғимаратта жалғасын тауып, жас таланттардың шығармашылығын шыңдауға жаңа мүмкіндік ашылып отыр.

Қайтарылған қаражаттың басты мақсаты – оны халықтың игілігіне бағыттау. Түркістан облысында жүзеге асып жатқан осындай жобалар жаңа білім беру және әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, балалардың сапалы білім алуына, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына нақты үлес қосып келеді. Ал Темірлан ауылындағы жаңа өнер мектебі – қайтарылған активтердің ел игілігіне жұмсалып жатқанының нақты көрінісі.