Көшпелі кездесу басталар алдын әкімді күтіп отырған тұрғындардан мұндай ашық форматтағы жиынның қаншалықты мәселе шешуге мүмкіндік беріп отырғанын сұрадық. Осыған дейінгі жиыннан нәтиже шықтыма? Халықтың өзі айтып берсін!
Шымкент қаласында тұрғындармен тікелей байланыс орнату мақсатында басталған көшпелі кездесулердің алғашқысы Абай ауданында өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған жиынға аудан халқы көптеп жиналып, өзекті мәселелерін ортаға салды. Әкім ең алдымен қоғамдық көліктегі жол ақысының келесі жылдан бастап қымбаттайтынын айтты. Қала халқы үшін көлік қатынасының жайы аса маңызды мәселе болып отырғандықтан, әкім мұның уақыт талабы екенін атап өтті. Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыз су тапшылығы, электр энергиясы мен газбен қамтудағы кемшіліктер, жолдардың сапасы мен жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі жайлы сұрақтар қойылды. Сонымен қатар әлеуметтік көмек алу жолдары, баспанаға қатысты құжаттарды рәсімдеу сынды жеке мәселелер де көтерілді.
Әкім әрбір сұрақты мұқият тыңдап, сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп отырды. Жергілікті билік өкілдері халыққа қойылған мәселелердің шешу жолдарын түсіндіріп, олардың орындалу мерзімін нақтылады. Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен ашық диалог орнату — әкімдіктің басты басымдықтарының бірі екенін айтып, өз қызметі кезеңінде қала аумағындағы жер телімдерінің заңсыз сатылуына жол берілмейтінін ерекше атап өтті. Көшпелі кездесуде әлеуметтік нысандарға байланысты да түйткілдер көтерілді. Соның ішінде №2 есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатының тағдыры көптің талқысына түсті. Ерекше балалардың ата-аналары мекеменің №1 мектеп-интернатына қосылуына алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, бұл балалардың мүмкіндігі шектеулі, сондықтан олар жеке қабылдауды қажет етеді. Ал №1 интернаттағы асхана мен санитарлық тораптың сыртта орналасуы балалар үшін қосымша қиындық туғызуы мүмкін. Ата-аналар бұл шешім ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайына нұқсан келтіреді деп отыр. Бұл мәселеге қала әкімі арнайы тоқталып, ата-аналардың пікірін тыңдады.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қосымша түсініктеме берді. Оның айтуынша, екі мектеп-интернаттағы балалар саны бір мекемеге біріктіруге жеткілікті. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру жұмыстары жалғасатынын, ал №2 интернаттағы бірқатар қызметкерлердің №1 мектеп-интернатына ауысатынын айтты.
Жиын барысында қала тұрғындары әкімге өз ой-пікірлерін еркін жеткізіп, көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап алды. Тұрғындар әкімнің әрбір мәселені жіті бақылап отырғанына көз жеткізді. Айта кетейік, кездесуде мәселе ғана емес жергілікті азаматтардың қолдауымен әкімге спорт мекемесін салу бойынша ұсыныс та айтылды.
Мұндай форматтағы көшпелі қабылдаулар халықпен ашық байланыс орнатып, олардың талап-тілектерін тікелей тыңдауға және шешімін қажет ететін мәселелерді уақытылы қолға алуға мүмкіндік беретін тиімді қадам. Шымкент әкімдігінің мәлімдеуінше, тұрғындар көтерген проблемалар кезең-кезеңімен шешімін табады.
