2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда өндірілген барлық дәрілік заттар міндетті цифрлық таңбалауға жатады. Бұл ретте дәрілердің бүкіл қозғалыс тізбегі зауыттан соңғы тұтынушыға дейін нақты уақыт режимінде бақыланады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, таңбалау жүйесі заңсыз айналымды болдырмауға, сапаны бақылауға, бағаны реттеуге және тапшылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде жүйеде 10 800-ден астам қатысушы тіркелген, соның ішінде 19 отандық, 143 шетелдік өндіруші және 4 600-ден астам дәріхана бар. Міндетті таңбалау енгізілгелі бері 512 млн қаптама дәрі таңбаланған, оның 483 миллионы жаңа талап күшіне енгеннен кейін.
Tañba Бірыңғай операторының дерегінше, қазақстандықтар ең көп сатып алған дәрілер қатарында этил спирті, ацетилсалицил қышқылы, парацетамол, натрий хлориді және Цитрамон П бар.