УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ: МЕГАПОЛИСТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ

Screenshot

Шымкентте шығатын өнім көп! Бұл күні жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін инвесторларға таныстырды. Арнайы ұйымдастырылған көрме алаңында шағын және орта бизнес иелері ел назарына өз жобалары мен тауарларын ұсынды. Мегаполисте азық түліктен бастап, құрылыс материалдарына дейін шығарылады. Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы бастаған шенеуніктер мен инвесторлар отандық өнімді қолдау керектігін айтты. Шымкенттік кәсіпкердің бірі жер телімін алып, жаңа зауыттың құрылысын жүргізіп жатқанын жеткізді. Сөзінше, компания өкілдері жол жиегіндегі тастарды дәстүрлі әдіспен емес, арнайы NeoStoneX материалынан орнында құю технологиясын жасап шыққан. Ал жаңа зауыттың құрылысы аяқталса, 200-ге жуық жергілікті тұрғын екі қолға бір күрек табады.

Содан соң, жергілікті билік өкілдері, прокурорлар, кәсіпкерлер мен инвесторлар дөңгелек үстелде бас қосты. Онда қаладағы кәсіпкерлікті қолдау тетіктері, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі және бизнеске жасалған жеңілдіктер талқыланды. Мегаполисте биыл кәсіпкерлерді қолдауға 20 миллиард теңге қаржы бөлінген екен. Бизнес иелерін қолдау әрі қарай да жалғасады. Жиын барысында тағы бір маңызды жаңалық жарияланды. Келесі жылдан бастап елімізде жаңа салық жүйесі енгізілмек. Ал оның ерекшелігі неде?

Жиын барысында мегаполисте кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан бизнесмендер Шымкент қаласы прокурорының алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетсек, дөңгелек үстел аясында инвесторлардың ұсынысы да тыңдалды. Қалада өндіріс орындарын арттырып, кәсіпкерліктә дамыту шаралары жалғасатын болады. Бұл сала қала әкімінің ерекше назарында болмақ!