Пневматикалық тапаншамен 10 метр қашықтықта әйелдер – жасөспірімдер арасындағы командалық сайыс жанкүйерлерді ерекше әсерге бөледі. Әрбір нысанаға атылған оқ – үміт, сенім, жеңіске деген жігердің көрінісі. Алтын медальді Үндістан құрамасының жас арулары – Рашмика Сахгал, Ваншика Чаудхари және Мохини Сингх жеңіп алды. Олар дәлдігімен, тыныс бақылауындағы шеберлігімен көпшілікті тәнті етті.
Күміс жүлде Оңтүстік Корея құрамасының еншісінде. Йеджин Ким, Жүри Ким және Чаеын Вон да мықтылар қатарынан табылып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Ал біздің қазақстандық спортшы қыздарымыз – Сауле Алимбек, Кристина Устинова және Асылым Жақия қола медаль жеңіп, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жеңіс – олардың қажырлы еңбегінің, жаттықтырушылардың жүйелі дайындығының нәтижесі.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтаймыз! Бұл тек бастамасы ғана, алда бізді әлі талай қызықты сын күтіп тұр. Азия чемпионаты – тек медаль үшін ғана емес, спортшылардың мінезін, жігерін, табандылығын сынайтын алаң.
Әр жарыс күні біз үшін жаңа үміт, жаңа рекорд, жаңа жеңіс. Қазақстан спортшыларының мүмкіндігі зор, олардың әр қадамын біз бірге бақылап, қолдауымыз қажет. Өйткені, әрбір оқ атылған сәт – ел намысының сыналуы.
