Келесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалуда. Ауданда елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Атқарылған жобалар жайлы аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг барысында баяндады. Сөзінше, қазір аудандағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл — жалпы халықтың 77 пайыздан астамы таза ауыз сумен қамтылды деген сөз. Ал қалған 19 елді мекенің 15 -де құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 4 елді мекен эканомикалық тиімсіз болып табылады. Бүгінде жалпы құны 10,4 миллиард теңгені құрайтын 12 ауылда су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қазірдің өзінде Кеңдала, Ақжар, Көгерту және Оңтүстік ауылдарында құрылыс аяқталып, жүйелерді тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы, аудан бойынша 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2,6 шақырым тереңдікте ұңғымалар қазылған. Бұл – мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне жол ашқан үлкен нәтиже.
Дегенмен, кейбір ауылдарда жер асты суларының төмендеуі мен ұңғымаларда құмның көбеюі сияқты қиындықтар бар. Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Бұл жоспар аясында жаңа ұңғымалар қазу, ескі ұңғымаларды жөндеу, су жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру, сондай-ақ тұрғындарға суды үнемдеу мен дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
